ФИЛОСОФИЯЛЫҚ БІЛІМДЕРДІҢ ЭСТЕТИКАЛЫҚ ТАБИҒАТЫ

  Несібелі Нұрмаханова, Алуа Бакирова, Нұргүл Мейрамова (Қарағанды, Қазақстан) |    Download article

Философиялық білімдердің эстетикалық табиғатын ашу үшін біз оқу процесінде философияны философиялық және көркем әдебиеттермен байланыстырып көрсетуді жөн көрдік. Философиялық ұғымдар мен көркем образдар арасында тығыз байланыс бар. Егер осы байланысты ескеретін болсақ, философияны көркем әдебиетпен байланыстырып оқытудың ақылға қонымды екенін байқауға болады. Өйткені ұғымсыз образ болмайды, ал образсыз ұғым болмайды. Ұғымның генетикалық бастамасы, негізі сыртқы дүниені сезіммен бейнелеу өзінің құрылымы жағынан көркем образға жақын. Осы байланысты көрнекі етіп көрсету мақсатында адамның қоршаған дүниеге деген теоретикалық және эстетикалық қатынасын алып қарастырайық. Философияның негізінде айырықшаланған теоретикалық қатынас жатыр. Теоретикалық пен эстетикалық қатынастар арасындағы жалпылық пен өзгешелік осы қатынасқа қатысы бар объекті мен субъектінің құрылымымен анықталады. Егер мысал үшін теоретикалық қатынастарға объектіні, яғни философиялық ойлануды қажет ететінін алсақ, онда бізді қызықтыратыны, аса назар аударуды қажет ететіні – оның ішкі мәнділігі. Дәл осындай сипат субъектіде де бар. Адам шынайылықты сезім мен зерденің, эмоционалдық пен рационалдықтың арқасында танып біледі. Олай болса философияны көркем әдебиетпен байланыстырып оқыту эмоционалдық пен рационалдықтың, яғни сезім мен зерденің бірін-бірі толықтыруының амалы емес пе? Ойымызды әрі қарай жалғастырайық. Теоретикалық таным процесінде субъектінің құбылыстың мәнін игеруге қарай бағытталған ақыл-ойдың белсенділігі шешуші рөл атқарады. Эстетикалық қатынас басқаша сипатта болады. Егер философ танып-білуге тиісті заттың мәніне көңіл аударса, суретші осы заттың типтік және индивидуалдық сипатын бейнелейді. Көркем образ егер шын мәнінде осындай болатын болса, онда ол субъектінің сезіміне әсер ете отырып, оның ойлану және пайымдау қызметін толықтырады, арттырады, күшейтеді.