Қандай да бір елдің тілдік ерекшелігін, ұлттық дүниетанымы мен саяси-мәдени өмірін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, шаруашылығы мен тұрмыс-тіршілігін екінші бір елге танытуда аударманың атқарар қызметі зор. Ол екі елді өзара араластырып, жақындастырып, қарым-қатынасқа түсіріп қана қоймай, олардың әдеби және мәдени құндылықтарынан сыр шертеді. Бұл жөнінде В.С.Виноградов: «Перевод ... служил и служит целям общения и обмена духовными ценностями между народами» [1, с. 5], – деп, аударманың халықтардың рухани құндылықтарымен өзара алмасуына ықпал ететінін айтады. Алайда аударманың барлығы бірдей ұлттық ерекшеліктерді, дүниетанымды толық ашып, сипаттай алмайтыны белгілі. Басты қиындық этнографиялық ұғым-түсініктерді мол қамтитын әдеби шығармаларды аударуда ұшырасады. Солардың бірі – ұлттық тағам атаулары. С.И. Влахов пен С.П. Флорин «Непереводимое в переводе» еңбегінде сөздерді (этноатаулар, реалий сөздер және т.б.) аударудың екі жолын көрсетеді: транскрипция және аударма [2,83-б.]. Ғалымдар аударманың өзін «неологизм, реалийді алмастыру, жуықтап аудару және контекстік аудару» деп іштей төрт түрге жіктейді [2,83-89-бб.]. Транскрипция және аударма жайында А.А.Реформатский: «могут быть друг другу противопоставлены, так как они по-разному осуществляют формулу Гердера: "Надо сохранять своеобразие чужого языка и норму родного", а именно: 1) перевод стремится "чужое" максимально сделать "своим"; 2) транскрипция стремится сохранить "чужое" через средства "своего". Таким образом, в плане практическом перевод и транскрипция должны рассматриваться как антиподы» [3, с. 312], – деп оларды бір-біріне қарама-қарсы қоюды ұсынады. Шынында да, сөздердің барлығын бірдей аудара беруге болмайды. Аударылатын тілдің қолданысына салып этноатауларды аудара берсек, түпнұсқадағы айтылатын ой мүлде өзгеріске түсер еді не өзінің ұлттық ерекшелігінен айырылар еді. Оны М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының түпнұсқасында кездесетін ұлттық тағам атауларының орыс және ағылшын тілдеріне аударылу мәселесінен көруге болады. Мысалға шығармадан қымыз этноатауының аударылымын алайық. Түпнұсқада берілген «қымыз» сөзі (Шешелері бұған біресе қымыз, біресе тоңазыған ет, біресе шай ұсынып тықпалай берсе де, баланың бойына ас батпады [4,16-б.]) орыс тіліндегі нұсқасында «кумыс» («Матери подчевали его то кумысом, то холодным мясом, то чаем, но Абаю было не до еды, – он не чувствовал голода, хотя не ел с самого утра» [5, с. 44.]) деп берілсе, ағылшын тілінде «goat milk» («His mothers offered him goat milk, cold meat and tea, but he had no stomach for food, though he had eaten nothing since down» [6, р.31]) деп аударылған.
ҰЛТТЫҚ ТАҒАМ АТАУЛАРЫНЫҢ АУДАРМАДАҒЫ КӨРІНІСІ (М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясы негізінде)
Қуаныш Ерғалиев, Самал Ерғалиева (Павлодар, Қазақстан) | Скачать статью