КӨНЕ ЖЫРЛАР ТАРИХЫ ЖӘНЕ КӨРКЕМДІК ДӘСТҮР

  Светлана Жумкина (Жезказган, Казахстан) |    Скачать статью

Қазақ халқы – дүниенің төрт бұрышын адамзат баласының ең озық өркениетке жеткен ұрпақтарымен терезесі тең, телегейдей тарихы бар, тебірентер мәдениеті бар ел. Қазақтың ілкі ата-бабалары – түркілер, ғұндар, сақтар. Солар жасаған мәдениетке ортақпыз. Көк Тәңіріне табынып, Көк бөріден тарағандықтан, Көк түріктер атанғанбыз. Қазақ эпостарындағы негізгі мотивтер: қаһармандардың басына түскен ауыр шерді: аяулы ерден, туған інісінен айырылған Білге қаған ақылынан адасса, батырды зарыға күткен Аналық пен Байбөрінің жылай-жылай көзі көрсоқыр болса, өзіне қорғаныш іздеген Алпамыстай, Қобыландыдай батырларды тағатсыз күткен халықтың аңсаулы арманы баяндалады. Осындай жоқтау бізге ең көне деп есептелетін «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» эпосынан таныс. Міне, жоқтау өлеңдерін, шешендік арнау сөздерді қазақ әдебиетінің ең көне түрлерінің бірі деп есептесек, сол үлгілерді Орхон ескерткіштерінен де кездестіріп отырмыз. Мұның өзі Орхон жырларының қазақ халқына қатысты туынды екендігін тағы дәлелдей түседі. Халқымыздың ең көне эпикалық мұрасы – Күлтегін мен Тоныкөк жырларын ерлік жырына жатқызудың тағы бір себебі мынада: қазақтың батырлар жырына тән бұлжымас ортақ қасиеттердің денін біз Орхон жырларынан табамыз. Ол ортақ қасиеттер: біріншіден, Орхон ескерткіштерінің де, қазақ эпостарының да негізгі идеясы бір. Ол - өз елін, өз жерін шет басқыншылардан, сыртқы жаулардан қорғау идеясы. Екіншіден, солардың қай-қайсысында да әлеуметтік сарын басым. Ат жалын тартып, қолына қару алып, ел намысы үшін жауға қарсы аттанып, жеңіспен оралады. Батырдың ерлігі қырғын қантөгісте көрінеді. Үшіншіден, эпикалық жырларда жеңілуді білмейтін батырлардың жас шағынан өмірінің ақырына дейінгі ерлік істері тұтас жырланады. Қобыланды мен Алпамыс батырлардың дүниеге келуінен бастап суреттелсе, Орхон жырларында Күлтегіннің он алты жастан қырық жеті жасына дейінгі өміріндегі ерлік істері баяндалады. Осы эпостардағы ортақ дүние батырлардың астындағы ұшса қанат, шапса тұлпар сенімді серіктері – сәйгүліктері. Олар: Қобыландының Тайбурылы, Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Қарақасқасы.