КӨРКЕМДІК МАҚСАТ ЖӘНЕ ТІЛДІК ҚОЛДАНЫС

  Қанағат Алтайбекова, Эльмира Хамитова (Жезказган, Республика Казахстан) |    Завантажити статтю

Көп келген әдеби шығарма жазушы мойнына жаңа талаптар, замана келбетін, шиеленісін айқын көрсететін, рухани тәрбие беретін ерекше міндеттерді жүктейді. Көрсетілген міндеттерді шешу жолында жазушы ізденеді, өмір деген үлкен саханадан әуелі өзі тәжірибеден өтеді. Сөйтіп жанына жақын, жүрегіне жылы, бар қырсырына қанық талапқа сай жазу мәнерін қалыптастырады. Жазу, сөз өнерімен айналысу үлкен шеберлікті қажет етеді [1, 94 б.]. Жазушы шеберлігі жайлы пікір айтқан Манап Хасенов: «Шеберлік деген ұғымның ауқымы кең. Ол талмай талаптану, творчестволық ізденіс тәжірибесінде жетіліп қаплыптасады да, үлкен іске жол ашады... Адамның жан дүниесін тебірентіп, өмірді терең бағалауға баулитын көркем шығарма жазушы шеберлігінің айғағы» [2, 37 б.],-деп ой түйді. Дарынды шеберліктің нәтижесінде ғана оқырман қолына талапқа сай жазылған шығарма келеді. Көркем шығарманың, қашанда жүгі ауыр. Бұл жайында белгілі классик жазушы Ғабит Мүсірепов: «Шығарма деген белгілі оқиғалардың тізбегі емес. Шығарма-жазушы жүрегінде, ойында қайнап-пісіп, кітап оқушыларын зейін қоюға тұратын, жігерқайрат, адам қоғамының өсе беруіне, еселей беруіне үн қоса алатын жанды сөз» деген маңызды пікір қосады [3, 97 б.]. Кейіпкер болмысын ашуда мәнді орын алатын тәсілдердің қатарында көркем диалогтың алар орны да айрықша. Дәлел үшін І.Есенберлиннің «Маңғыстау майданы» романындағы бір ғана үзіндіге назар аударар болсақ, шығарма кейіпкері Сәлімгерейдің бейнесін ашуда көркемдік қызмет атқарып тұрған бөлшектердің бірі- оның ішкі жан дүниесіндегі толқыныс болса, бұл жәйт Жәлелмен кездескен шағында айқын көрінеді.