БҮРКІТ ЫСҚАҚОВ ТУРАЛЫ СӨЗ

  Алмагул Умбетова (Жезказган, Казахстан) |    Завантажити статтю

Ақиқатын айту абзал, Бүркіт Ысқақов – әдебиетіміздегі іргелі қаламгер. Оның қаламынан туған туындылар оның өз заманының үні болғанын танытардай, әрі көркемдік бояуы қанық ерекше туындылар санатында. Сондақтан да болашағының бағдарын, кешегісі мен бүгінгісінің салмағын даралап та саралайтын ұрпақ үшін Бүркіт Ысқақовтың шығармашылық мұрасын тану уақыт мінберінде тұрған мәселе. Алаш ардагерлерінің шығармаларындағы ұлттық рух, сөз өнерінде көркемдік дәстүр ретінде үзілмей жалғасын тауып жатқанын әдебиет тарихынан білеміз. Алаш ардақтыларымен тілектес, ниеттес ақындардың бірі – Бүркіт Ысқақов. Талант табиғаты, көркемдік таным арналары әр алуан. Бүркіт Ысқақовтың өмір жолы мен шығармашылық кезеңі де ешкімді қайталамастай өзгеше. Қазақ әдебиеттану ғылымы мен қазақ поэзиясында, балалар әдебиетінде өзіндік із қалдырған Бүркіт Ысқақовтың есімін аға буын үлкен құрметпен атайды. Бүркіт Ысқақов- 1924 жылы Қарағанды облысы, Нұра ауданының «Көкмөлдір» ауылында туған. Қарағанды мұғалімдер институтын бітірісімен, 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысады. Соғыс аяқталысымен туған жеріне оралып, «Орталық Қазақстан» газетінде қызмет атқарған кезден ол өзінің қаламгерлік қабілетін айрықша таныта бастайды. «Сарыарқаның жүрегі», «Ұлы Нұра жағасында» тағы басқа да көптеген очерктері, топтама өлеңдері жарияланады. 1948 жылы қызмет істей жүріп С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих – филология факультетін, 1951 жылы ұлттық ғылым академиясының аспирантурасын бітіреді. 1951 – 1956 жылдары жеке басқа табынушылықтың зардабын шеккен. «Бүркіт Ысқақов- Ұлы Отан соғысы жылдарында қолына қару алып, кеңестік жүйені, коммунистік идеяны қорғаса да сталиндік құйыртқы саясаттың құрығына көп ілінген, көп зәбір-жапа шеккен азамат. Ағамыз 1951-53 жылдардағы «Космополотизм мен ұлтшыл-буржуазияшылдарға қарсы күрес» деген ұранмен жүргізілген репрессия тырнағына түсіп, қуғын-сүргінге ұшыраған Е.Бекмаханов, Қ.Жұмалиев, Е.Ысмайыловтармен бірге тұтқындалып, Жезқазған өңіріндегі әйгілі «Степлагке» айдалған. 50-жылдары Қазақстанның Жоғары оқу орындарында оқитын бір топ жастар сталиндік тоталитарлық жүйеге қарсы «ЕСЕП», яғни «елін сүйген ерлер партиясын” құрады. Партияның іс-әрекеті ел ішіне кең тарамаса да, 37-нің ызғары басылмай тұрған сәтте мұндай әрекетке барудың өзі ерлікпен пара-пар дүние болатын. Жалпы отандық тарих пен саясаттану ғылымында 50-жылдардағы репрессия тарихы мен сол кездегі қуғын-сүргінге ұшыраған қайраткерлердің өмірбаяны әлі толық зерттеліп біткен жоқ» [1, 38],-деп жазады Мұхтар Құл-Мұхаммед .