Қазақстан аумағында мемлекеттің пайда болуы және даму үрдісі өте ұзақ тарих. Оны түсіну ең алдымен көшпелілікті әлемдік өркениеттің құрамдас бөлігі деп танудан басталады, себебі дала өркениеті адамзат дамуының айрықша бағыты және жарқын нәтижесі. Қазақ тарихын еуразиялық көшпелілікпен байланыстыра отырып, этностың тарихи бастаулары өте көне замандарда екенін ұмытпаған жөн. Көшпеліліктің тарихқа қатынасы тек соңғы жүз жылдықтардан гөрі, одан әрі мыңжылдықтарда көбірек болған. Жаратылыс әлемінен оқшау шыққан адам баласы үшін кәсіптің ең табысты деңгейі көшпелі мал шаруашылығымен тығыз байланысты болғаны белгілі. Олардың әлеуметтік құрылымының, рухани тұлғасының, саяси табыстарының бәрі еленіп өз заманында өзге қоғамдарға тигізген ықпалы әлі де зерттеуді қажет етеді. Осыған байланысты «Орталық Азияның көшпелі халықтарының Қытай, Үндістан және Батыс елдеріне жетуі (олардан ежелгі дүниенің мәдениеттері жылқыны пайдалануды үйренді) үш облысқа да бірдей әсер етті: жылқыны иеленген бұл көшпелі халықтар әлем кеңістігін таныды. Олар ежелгі дүниенің ұлы мәдениеттерін жаулап алды. Қиын – қыстау тіршілік, қатерлі жорықтар дүниенің жалғандығын түсінуге көмектесті, ал үстем нәсіл есебінде олар бұл әлемге ерлік және трагикалық сананы енгізіп, оны эпос түрінде білдірді», - деген А. Вебер пікірі аса құнды.
ҚАЗАҚСТАН ЖЕРІНДЕГІ АЛҒАШҚЫ МЕМЛЕКЕТТЕРДІҢ ПАЙДА БОЛУЫНЫҢ ӨЗІНДІК ЕРЕКШЕЛІГІ
Болат Шыныбеков (Астана, Казахстан) | Завантажити статтю