АЯУЛЫ АРУЛАРДЫҢ АУЫЗ ӘДЕБИЕТТЕГІ КӨРКЕМ КӨРІНІСІ

  Ләззат Омарқұлова, Луиза Кукубаева (Тараз, Казахстан)  |    Завантажити статтю

Қазақ әйелі нендей ауыртпалықты болса да халқымен бірге көтеріп, жаугершілікте ерлермен бірге атқа қонып, қолына қару алса, бейбіт кезеңде бесік тербетіп, ұл-қызын дала даналығына баулыған. Оған дәлел көп. Ежелгі эпостық шығармалардан бастап, бергі дәуірдегі Домалақ ана, Айша бибі мен Абақ ана, тарихтағы Қасым ханның анасы Жаған бике, Есім ханның анасы Жақсы бике, одан беріде ұлы Абайды тәрбиелеген Зере мен Ұлжан, қол бастаған Бопай мен ел билеген Айғаным, Ұлпан аналарымыз жұрт жадында есімі қалған сол әйелдердің бір шоғыры ғана. «Шаншардың екінші әйелі Айбикеден Келдібек, Тыныбек, Жәнібек, Есіркеп тарайды. Келдібек кезінде аузына ел қаратқан белгілі шешен, би бопты. Ол отыз жасқа келгенше үйленбей жүріп алыпты. Оның себебін ел былай аңыз етеді: Бұлбұл бабасы түсінде – сен қатын алмайсың, ешбір әйелге көзіңді салмайсың. Алатын әйелің мынадай болады: ұзын бойлы сары қыз, оң аяғы ақсақ, оң жақ құлағында меңі бар, екі емшегінің арасында алақандай қалы болады. Сен оған үйлен,- депті. Айтқандай сол қызға көш жөнекей кездеседі.