Әсем, сұлу табиғатымыздың аясы өсімдіктер дүниесіне бай. Халық медицинасында емдік мақсатқа қолданылатын, фармацевтика өндірісінде дәрі жасауда пайдаланатын шипалы өсімдікке бай. Дәрілік өсімдіктермен емдеу тәсілі ерте заманнан бері қолданылып келе жатыр. Әбу-Насыр әл-Фараби, Әбу-әли Ибн-Сина, Беруни, Әл-Джуржани, т.б. орта ғасырларда өмір сүрген шығыс ғалымдары қазақ медицинасының дамуына, әсіресе дәрілік өсімдіктерді танып пайдалануға зор ықпал етті. Жер жүзіндегі дәрілердің 40% өсімдіктен дайындалады. Қазақстанда өсетін 6000-ға жуық өсімдік түрінің 500-і дәрілік өсімдіктерге жатады. Соның ішіндегі 30-дан астам түрі Ақтасты өңірінде өседі. Мысалы, адыраспан, алтынтамыр, шырғанақ, итошаған, шайшөп, ермен, көкемарал, өгейшөп, бақ-бақ т.б. Дәрілік өсімдіктерді «өмір шөбі» деп атайды. Сонымен бірге «әр аурудың өз шөбі бар» дейді.