БАЛАЛАР ҮЙІНДЕ ТӘРБИЕЛЕНУШІЛЕРДІҢ ТҰЛҒАЛЫҚ ДАМУЫНЫҢ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ АЛҒЫШАРТТАРЫ

  М.С.Аязбаева, Ж.А.Жасұзақова (Тараз, Қазақстан) |    Скачать статью

Тұлғалық даму нәрестелік кезеңнен қартайған шаққа дейін созылады, яғни тұлға өмір бойы даму барысында болады. Сондықтан, зерттеушілер адам өмірінің дамуы мен жетілуін кезеңдерге бөліп қарастыруды ұсынады. Мәселен, З.Фрейд тұлғаның қалыптасуын адамның психосексуалды даму кезеңдерінің ретімен түсіндіреді. Ал, Э.Эриксон тұжырымдамасында дамудың сегіз деңгейі сипатталады. Аталған авторларға қарама-қайшы келе отырып, бірқатар теоретик-ғалымдар даму мәселесін түсінудегі ата-ана мен бала қарым-қатынасының мәнін ерекше атады. Солардың бірі-К.Роджерс, ол тұлғаның қалыптасу кезеңіндегі ата-аналық ұстанымдар мен мінез-құлық, жүріс-тұрыс үлгісі негізінде, таным мен эмоциялық қарым-қатынастар аясында индивидуумның Мен-тұжырымдамасының қалыптасуына ерекше мән берген. Тұлға дамуы көптеген ішкі және сыртқы себептермен анықталады. Ішкі себептерге әрбір отбасылық ортаға тән болатын индивидуумның белгілі мәдениеті, әлеуметтік-экономикалық сатысы жатады. Екінші жағынан ішкі себептер генетикалық, биологиялық және физиологиялық жайттармен түсіндіріледі.