Қазақ тарихына үңілгенде даналық пен ізгіліктің, ерлік пен елдіктің үлгілеріне қанығамыз. Қазақ даналығы ұрпақтың есті болып, ұлттың рухты болып жетілуіне қызмет еткен. Нәтижесінде өткен ғасырда кеңестік үлгідегі тоталитарлық тәртіп түбегейлі орнағанға дейін қазақ даналығының тамыры тереңге жайылды. Әр ғасыр шеңберінде өмір сүрген тұлғалардың рухани сұхбаттасуына қамқорлық жасалды. Сөйтіп елдік келбет қазақ этносын жат өркениеттің жетегіне мүлдем еріп кетуден сақтап қалды. Ұлт дамуының өзегі тіл, дін, діл, дәстүр деп мәдениет қуатының негізі болар рухани құндылықтарды айтамыз. Қазақтың мұсылманшылығы да ұлттық дәстүр өрісімен қабысқан еді. Ал, ұлттық дәстүр өз кезегінде ислам дінінің теориясына қайшы келмегендіктен де, ұлттық рухты биіктетуге негіз болған еді.