ӨҢІРЛІК ТОПОНИМДЕРДІҢ ТАНЫМДЫҚ СИПАТЫ

  Айжамал Сайлаубекова (Ақтөбе, Қазақстан) |    Завантажити статтю

Әр халықтың қоршаған дүниеге деген көзқарасы, ұлттық дүниені шындық ретіндегі қабылдау ерекшеліктері топонимиялық атаулар дан көрінеді. Қазіргі кезде қазақ топонимиясы – географиялық жалқы атаулардың жай ғана жиынтығы емес, ол ментальдік факторларды көрсететін ономастикалық деңгейдің лексикалық бірліктерінің жүйесі деген ой басым. Топонимдерде тек табиғат пен географиялық объектілер ғана емес, осы табиғат пен оның объектілерінің этнос тарапынан қабылдануы, көріністенуі қалай деген сұрақ маңыздылыққа ие. Мәселен, көшпелі қазақ оны табиғатқа және географиялық ортаға, өзінің шаруашылығына қарай икемдеп жасаған. Орталық Қазақстан аймақтық топонимиясын зерттеуші А.Е. Жартыбаев: «Төрт түлікті қолға үйрету барысында оны күту, бағу қажеттілігі туындап, өсімдіктер дүниесінің мал азығы ретіндегі рөлін анықтау, өсімдік түрлерін жұғымды, жұғымсыз қасиеттеріне орай сөзбен таңбалау қажеттілігі артты. Бұл адам баласының табиғи өсімдіктер дүниесі мен жан-жануарларды рухани тұрғыдан танып-білуіне жол ашты. Жер бедері мен қоршаған орта құбылыстарын танымдық тұрғыдан бағалау үрдісі топонимдерде өзіндік белгілерімен айшықталды», - дейді [1; 278].