ОРЫС ТІЛІНДЕГІ ТҮРКІ СӨЗДЕРІ

  Арайлым Молдабекова (Талдықорған, Қазақстан) |    Завантажити статтю

Кез келген тілдің сөздік құрамы сол тілдің ежелгі, төл сөздерінен және кірме сөздерден тұратыны белгілі. Өйткені белгілі бір тілдегі барлық сөздердің жиынтығы – сөздік құрамға қоғамдағы сан қилы маңызды тарихи факторлар өз ықпалын тигізбей қоймайды. Түрлі елдердің экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынастарына, қоғамның дамуына, ғылыми техникалық өзгерістеріне байланысты жаңа сөздер мен сөз тіркестері пайда болып, сөздік құрамды үнемі толықтырып отырады [1]. Кез келген тілдің сөздік құрамының толығып кемелденуі бір ғана өзінің ішкі мүмкіндіктері арқылы болып қоймайды. Өзінде жоқ сөзді өзге тілдерден ауысып алу арқылы да тіл өзінің сөздік құрамын байытып, жетілдіріп отырады. Мұны қазақ халқының даму тарихына саралап көз жүгіртсек, олардың көптеген көрші елдермен үнемі тығыз қарым-қатынаста болғандығын көреміз. Сөздер бір тілден екінші тілге тікелей немесе жанама тәсілдер арқылы ауысады. Тікелей тәсіл – бір тілден екінші тілге сөз тікелей ауысады, ал екінші жанама тәсіл дегеніміз – сөздердің бір тілден екінші тілге басқа тіл арқылы енуі. Мысалы, «дүкен» сөзі қазақ тіліне араб тілінен тікелей енсе, сол мағынада қолданылатын «магазин» (makhāzin) сөзі араб тілінен алдымен итальян тіліне (magazzino), итальян тілінен француз тіліне (magasin), осыдан барып ХҮІІІ ғасырда орыс тіліне енген, ал сунду́к сөзі түркі тіліне араб тілі арқылы грек тілінен, кейін ХҮ ғасырда түркі тілінен орыс тіліне енген [2, б. 432].